Қазақстанның 29 музейі өз қорларындағы жәдігерлерді Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізуге ұсынды. Астанада өткен комиссия отырысында 1 382 аталымды қамтитын 2 124 сақтау бірлігі қаралды.
Музей өкілдері жәдігерлердің шығу тарихы мен мәдени және ғылыми құндылығы туралы мәлімет беріп, оларды тізілімге енгізуге қандай негіз барын түсіндірді. Комиссия мүшелері әріптестерінің дәлелдерін талқылап, өз ұсыныстарын айтты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 19 қарашадағы хабарламасында отырыста қаралған жәдігерлердің нақты қайсысы тізілімге енетіні көрсетілмеген.
Министрліктің есебінше, 2019 жылдан 2026 жылғы қыркүйекке дейін тізілімге 75 музейден 52 313 сақтау бірлігі енгізілген. Олар 27 298 аталымға жатады.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті.
Көрнекі сурет: Nikolai Bulykin / Wikimedia Commons. CC BY-SA 4.0. Сурет сайтқа бейімделіп, WebP пішіміне ауыстырылды.
