Швейцариялық-америкалық суретші Кристиан Марклейдің 24 сағаттық The Clock видеоинсталляциясы Almaty Museum of Arts-та көрсетіле бастады. Орталық Азияға алғаш рет әкелінген туындыны 2026 жылғы 12 қазанға дейін көруге болады.

Экрандағы уақыт Алматының сағатымен сәйкеседі

2010 жылы жасалған бір арналы инсталляция фильмдер мен телебағдарламалардың уақыт көрсетілетін немесе уақыт айтылатын мыңдаған үзіндісінен құралған. Барлық эпизод монтаждалып, экрандағы уақыт Алматының нақты жергілікті уақытымен синхрондалған.

Көрермен залға қай минутта кірсе де, экрандағы уақыт сол сәттегі нақты уақытпен сәйкеседі. Бұл кәдімгі басы мен соңы бар фильм емес: туынды көрермен кіргенде басталып, ол залдан шыққанда аяқталады.

ALMA мен Centre Pompidou-дің алғашқы бірлескен жобасы

Бұл The Clock туындысының Орталық Азиядағы алғашқы көрсетілімі және Almaty Museum of Arts пен Centre Pompidou-дің алғашқы ортақ жобасы.

The Clock 2011 жылы Венеция биенналесінің ең жоғары марапаты — «Алтын арыстанды» алды. 2012 жылы туындыны Centre Pompidou, Tate және Израиль музейі бірлесіп сатып алды.

Тәулік бойғы көрсетілімдер төрт күн ғана өтеді

Инсталляцияны тәулік бойы үздіксіз көруге арналған арнайы көрсетілімдер 19 және 26 қыркүйекте, 3 және 10 қазанда өтеді.

Музей күн сайын тәулік бойы ашық емес. Арнайы төрт күннен басқа уақытта The Clock музейдің қалыпты жұмыс кестесі аясында көрсетіледі.