Алматыда шығармашылық және технологиялық жобаларды дамытуға арналған Creative Shift бағдарламасының өңірлік кезеңі басталды. Бір апталық оқуға 150 адам қатысып жатыр.
Қатысушылар өз жобасының табыс табу үлгісін, танымал бейнесін және нарыққа шығу жолын пысықтайды. Оқу бағдарламасына жасанды интеллект құралдарын пайдалану мен инвестиция тартуға дайындық та енгізілген.
Шығармашылықтың бірнеше саласын қамтиды
Creative Shift кәсіпкерлерге, шығармашылық мамандар мен командаларға арналған. Бағдарламада аудиовизуалды өнер, музыка мен сахна, бейнелеу және қолданбалы өнер, сондай-ақ әдебиет, медиа және жасанды интеллект бағыттары бар.
Оны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырып отыр.
Келесі кезең Астанада өтеді
Өңірлік оқу кезеңдері Астана мен Шымкентте де ұйымдастырылады. Іріктеуден өткен қатысушылар Астанадағы жеті күндік тәлімгерлік сессияға шақырылады. Онда жобаларын мамандармен бірге жетілдіруді жалғастырады.



