5 қарашада Джакартада ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының өңірлік комитеті Қазақстан ұсынған екі мұраны тізілімге енгізді. Олар: Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баспа еңбектері.

Күміс тостаған 1970 жылы Есік қорғанын қазу кезінде табылған. Қорған б.з.д. V–IV ғасырларға жатады. Тостаған бетіндегі таңбаларды бүгінге дейін біржақты оқудың сәті түскен жоқ. Ұсынымның ресми атауында «түркі руна жазуы» делінгенімен, комитет жариялаған ғылыми сипаттамада жазудың қай тілде екені түпкілікті анықталмағаны көрсетілген. Тізілімге енуі жазудың шешілгенін білдірмейді.

Екінші жинақтың шыққан жері де, жылы да белгілі. Оған Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы Қазанда араб қарпімен жарық көрген үш еңбегі енген. Ақын өлең мен қара сөз арқылы Сарыарқаның тарихын, білім мен әділет мәселелерін қозғайды. Кейін шығармалары талай рет қайта басылды. Ал бұл жолы көптомдықтарға енген кейінгі мәтіндерге емес, ақынның көзі тірісінде жарық көрген басылымдарға назар аударылды.