Еуропалық ғарыш агенттігі мен The Pokémon Company International ғарышты таныстыратын отбасылық көрме жобасын бастады. Оның кейіпкері Пикачудың жұмсақ ойыншығы Халықаралық ғарыш станциясында 67 күн болған.
ESA-ның мәліметінше, ойыншық 2026 жылғы 11 сәуірден 17 маусымға дейін орбитада болып, Жерді шамамен 1040 рет айналған. Ол станцияға астронавт Софи Аденоның миссиясы аясында жеткізілген.
Агенттік 21 қыркүйекте жариялаған суретте скафандр киген Пикачу Cupola бақылау модулінде қалықтап тұр. Артындағы иллюминатордан Жер мен бұлттар көрінеді.

Ойын кейіпкерлері арқылы ғарышты түсіндіреді
Көрменің тақырыптық стендтері ғарыш миссияларының қалай ұшырылатынын, астронавтардың станциядағы жұмысын және Күн мен Күн жүйесін зерттеуді түсіндіреді. Кейбір стендтерде Pokémon кейіпкерлері қолданылған.
Алғашқы көрсетілім 19–20 қыркүйекте ESA-ның Париждегі штаб-пәтерінде өтті. Келесі көрсетілімдер агенттіктің Италия, Нидерланд, Германия, Испания және Ұлыбританиядағы орталықтарында жоспарланған.
Жоба 4–10 қазандағы Дүниежүзілік ғарыш апталығына арналған. Қазан айының басынан 2027 жылғы сәуірге дейін оны Еуропадағы музейлер мен өзге алаңдар да қабылдайды. Қатысушылар қатарында Тулузадағы Cité de l’espace, Лондондағы Science Museum және Нидерландтағы Space Expo бар.



