NASA Nancy Grace Roman ғарыш телескопының негізгі инфрақызыл камерасын іске қосты. 15 қыркүйектегі хабарламада құрылғының алғашқы тексерулерден өтіп, жұлдыз жарығын тіркегені айтылған.

Бір кадрға толған Айдан кең аумақ сыяды

Wide Field Instrument камерасының ажыратымдылығы 300 мегапиксельге жетеді. Оның бір суреті аспанда толған Ай алып тұрған аумақтан да кең бөлікті қамтиды. Құрал алыстағы галактикаларды картаға түсіруге, қараңғы энергияны зерттеуге және Күн жүйесінен тыс планеталарды іздеуге арналған.

Камераны іске қосу үшін инженерлер алдымен оны салқындатты. Кейін 18 инфрақызыл детекторын, калибрлеу жүйесін, оптикалық элементтерін және фокустау механизмін тексерді.

Алғашқы кадр әлі анық емес

Жарияланған сынақ суретінде жұлдыздар жайылған дақтарға ұқсайды. Бұл кезеңде детекторлар ұшыру кезіндегі қалпында тұрғандықтан, бейне әлі фокусқа келтірілмеген. Кадр телескоптың оптикасын реттеуге бастапқы дерек береді.

Сонымен бірге жұлдыздың жарығын бөгеп, оның маңындағы әлсіз нысандарды көруге арналған коронографтың жүйелері тексерілді.

Roman әлі жұмысқа дайындалып жатыр. Алғашқы ғылыми суреттерді NASA 2027 жылдың басына қарай жариялауды жоспарлап отыр.