Астананың Жастар театры Өзбекстанның Әндіжан қаласында өтіп жатқан IV халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалінде «Жібек» мюзиклін ұсынды. Қойылым қазақтың махаббат жырын заманауи сахна тілімен жеткізеді.

Мюзиклді режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойған. Либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған, музыкасының авторы Евгений Брусиловский. «Қыз Жібек» эпосына негізделген туындыда ән, би және драмалық көріністер тоғысады.

ТҮРКСОЙ 20 қазанда жариялаған хабарламада қойылымның сахналық шешімі мен жас актерлердің орындау мәнерін атап өтті. Ұйымның мәліметінше, спектакль аяқталған соң көрермендер мен халықаралық қазылар алқасының мүшелері ұзақ қол соққан.

Фестиваль қазылар алқасына кірген қазақстандық театр сыншысы Бейбіт Бақтыгереев те қойылымға оң баға берген. Ол ұлттық музыкаға сүйенген спектакльдің режиссурасы мен сахна безендірілуін ерекше атаған.

Әндіжандағы фестиваль түркі әлемінің театрларын бір сахнаға жинап отыр. «Жібек» осы бағдарламада қазақтың классикалық мұрасын бүгінгі театрдың көркемдік тәсілдерімен таныстырды.