Алматыда аяқталған ALMATY THEATRE FEST республикалық фестивалінде Қазақстанның халық артистері Лидия Кәденова мен Кеңес Жұмабеков «Сахна өнеріндегі кәсіби шеберлігі үшін» марапатталды. Қорытынды туралы қалалық мәдениет басқармасы 21 қарашада хабарлады.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдығына арналған фестиваль 15–20 қараша аралығында өтті. Оған елдің әр өңірінен он театр ұжымы қатысты. Қорытындысында олардың барлығына арнайы мүсінше, диплом және 1 миллион теңгелік сертификат берілді.
Әр қойылымнан кейін театртанушылар, сыншылар, режиссерлер мен актерлер сахналық шешімдер мен актерлердің ойынын талқылады.
«Дәстүрлі өнер және заманауи театр кеңістігі» атты дөңгелек үстелде ұлттық мұраны бүгінгі көрерменге сахна тілімен жеткізу жолдары сөз болды.
Сарапшылар алқасы Кәденова мен Жұмабековке берілген наградадан бөлек, қазақ театрының көрнекті өкілдері атындағы арнайы марапаттарды да табыстады. Олардың арасында Серке Қожамқұлов, Хабиба Елебекова және Бикен Римова есімдері бар.
Фестиваль бағдарламасы туралы Moderniet материалы.
Дереккөз: Алматы қаласының мәдениет басқармасы.
Фото: МаратД / Wikimedia Commons. CC BY-SA 4.0. Сурет WebP пішіміне ауыстырылды.
