SpaceX компаниясының пилотсыз Dragon кемесі Халықаралық ғарыш станциясынан ғылыми үлгілерді Жерге жеткізді. Капсула Астана уақытымен 22 қарашада сағат 03:03-те Лос-Анджелес маңындағы Тынық мұхитына қонды.
NASA мәліметінше, қайтарылған жүктің ішінде үшөлшемді биобаспа арқылы жасалған қан тамырының үлгісі бар. Ол тамырлардың қартаюын және жүрек-қан тамырлары ауруларын зерттеуге пайдаланылған.
Жерге мұздатылған ісік органоидтары да жеткізілді. Органоидтар жасушалардан өсіріледі және тіннің кей қасиеттерін қайталайды. Зерттеушілер станцияда тәжірибеден өткен үлгілерді енді Жердегі зертханада талдай алады.
Қайтарылған жүктің ішінде микробиологиялық зерттеулерге арналған мұздатылған үлгілер де бар.
Dragon биологиялық материалдармен бірге станцияда үш жылдан астам сыналған жарықтандыру жүйесін қайтарды. Зерттеушілер оның ұзақ сапар кезінде ғарышкерлердің ұйқысы мен хал-ахуалына ықпалын бағалаған.
Осы сапармен SpaceX компаниясының NASA үшін Халықаралық ғарыш станциясын жабдықтау жөніндегі 35-миссиясы аяқталды.
Дереккөз: NASA.
